Орталық Азия

Климаттың өзгеруі, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару -Швейцарияның SDC агенттігінің басшысымен сұхбат

Швейцария — Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі. Дипломатиялық қатынастардың 30 жылында сенімді саяси диалог орнады, екіжақты сауда табысты дамып, инвестициялық ынтымақтастық кеңеюде, мәдени-гуманитарлық және өңіраралық байланыстар өсіп келеді, деп хабарлайды janalyq.asia.

2023 жылғы 4-5 шілдедегі Қазақстанға ресми сапары аясында Швейцарияның Федералдық Кеңесшісі, Федералдық Сыртқы істер департаментінің басшысы Иньяцио Кассис саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және туристік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, көпжақты форматтағы өзара жоғары іс-қимыл орнағанын атап өтті.

Осы сапар аясында талқыланған тақырыптардың бірі Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару бастамасы, атап айтқанда Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің (SDC) Blue Peace Central Asia (BPCA) бағдарламасыболды.

Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару тақырыбы туралы толығырақ ҚазАқпарат агентіігіне Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару жөніндегі Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің (SDC) жаһандық су бағдарламасының жетекшісі Саймон Збинден айтып берді.

— Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігі (SDC), оның ішінде Blue Peace Central Asia (BPCA) бағдарламасы туралы айтып беріңізші. Бүгінгі күні осы агенттік қызметінің негізгі бағыттары қандай?

— Blue Peace Central Asia – трансшекаралық су ресурстарын әртүрлі тәсілдермен және түрлі деңгейде реттеуге жәрдемдесуге бағытталған Швейцарияның аймақтық даму ынтымақтастық бағдарламасы. Бастама инновациялық техникалық шешімдерді қолдап, Орталық Азия елдерінің су ресурстары саласындағы мамандары арасындағы диалогқа ықпал етеді. Өңірлік университеттер мен оқу орталықтарының көмегімен, мысалы, Қазақстан-Германия университетінің көмегімен BPCA жастарды оқытуға және су ресурстары мамандарының келесі буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Швейцария су дипломатиясының әдістерін қолдана отырып, бағдарлама бассейн деңгейіндегі су ресурстарын басқару мәселелерін талқылау үшін жоғары лауазымды тұлғаларды біріктіруге тырысады. Басқа мүдделі тараптардың арасында бағдарлама Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) және Орталық Азия Өңiрлiк Экономикалық Ынтымақтастық бағдарламасы (ОАӨЭЫ) сияқты өңірлік ұйымдармен ынтымақтасады.

— Бастаманы жүзеге асыру перспективасы жайлы не айта аласыз? Қандай қиындықтар кездесуі мүмкін?

— Соңғы жылдары аймақтық су ынтымақтастығы қажет екені туралы жалпы түсінік айтарлықтай өсті, сондықтан осы саладағы өзара іс-қимылды кеңейтудің жақсы перспективалары бар. Қазақстан 2024 жылы ХҚЕС-ке төрағалық етеді және бірлескен іс-қимылдарды дамытуда шешуші және жетекші рөл атқара алады. Проблема су мәселесін шешудің күрделілігінде. Су азық-түлік және ауыл шаруашылығы, энергетика, қоршаған орта сияқты басқа да секторлармен тығыз байланысты. Су Орталық Азия елдерін біріктіреді. Суды басқару мәселелері ұлттық және аймақтық деңгейде ақылға қонымды шешімдер мен саяси шараларды қажет етеді.

— Швейцариядағы SDC-ге ұқсас, Қазақстанда да Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің дамуына көмек көрсететін Қазақстанның халықаралық даму агенттігі (KAZAID) деп аталатын өзіндік құрылым бар. SDC-тің зерттеу әлеуетін, KazAID-тің өңірдегі қызметін ескере отырып, бірлескен жобаларды іске асыру үшін ынтымақтастық перспективасын көріп отырсыз ба? Сіздің ойыңызша, екі құрылым арасындағы ынтымақтастықта қандай мүмкіндіктер бар?

— SDC KazAID құрылуын құптайды және агенттікпен, сондай-ақ Орталық Азиядағы трансшекаралық суларды басқаруды ілгерілетуде басқа да мүдделі тараптармен ынтымақтастық орнатуға дайын. Бұл салада диалог пен ынтымақтастықтың әлеуеті бар. Сондықтан Швейцария агенттігі екі тарап арасындағы ынтымақтастық пен пікір алмасу мәселелерін талқылау үшін KAZAID делегациясын Берндегі SDC штаб-пәтеріне шақырды.

— Су ресурстарын басқару — Орталық Азия аймағы үшін маңызды мәселе. Соңғы жылдары климаттың өзгеруіне байланысты бұл мәселе одан сайын өзекті болып отыр. Оған мысал ретінде Арал дағдарысы немесе Каспий теңізінің құрғауын атап көрсетуге болады. Осыған байланысты сіз өңірдегі экологиялық проблемаларға халықаралық қоғамдастықтың назарын аудару үшін орнықты даму және климаттық бастамалар жөніндегі халықаралық платформалар шеңберінде Швейцария мен Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығын мүмкін деп санайсыз ба?

— Климаттың өзгеруі Швейцарияда да, Орталық Азия елдерінде де су циклінің қайта құрылуына әкеп соқтырады. Су ресурстарын басқару екі аймақта да күрделене түсуде. Осылайша, бізде ортақ мүдде бар және біз тиісті шешімдерге, жаңа қиындықтарға тиімді бейімделуге мүдделіміз. Бүгін біз Орталық Азия елдеріне өңірдегі өсіп келе жатқан су проблемаларына халықаралық қоғамдастықтың назарын аударуда қолдау көрсетіп отырмыз. 2023 жылы наурыз айында Нью-Йоркте өткен БҰҰ су конференциясында бұған қол жеткіздік. Сонымен қатар, БҰҰ басқаратын жаһандық «Душанбе су процесін» қолдаймыз, онда Орталық Азия мемлекеттері жетекші рөл атқарады.

— Сұхбатыңызға рахмет

Қатысты мақалалар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button