Орталық Азия

Әлемдегі Орталық Азия ықпалының кеңеюі қандай мүмкіндіктерге жол ашады

Бүгінде әлемдік қауымдастықтың Орталық Азия өңіріне деген қызығушылығы артып келеді. Сарапшылардың сөзінше, бұған геосаяси, геоэкономикалық тұрақсыздықтарға қарамастан, аймақтағы елдер экономикасының оң өсім көрсетіп отырғаны себеп. Еуразиялық даму банкі мамандарының пікірінше, соңғы екі онжылдықта аймақ көптеген өзгеріске ұшыраған. Мәселен, 2000-2022 жылдар аралығында өңір халқының саны 40%-ға өсіп, 80 миллионға жетіп отыр. Сонымен қоса бес елдің жалпы ішкі өнімі де 22 жыл ішінде 46 миллиард доллардан 400 миллиард долларға дейін артқан. Міне, осыған қарап-ақ, неліктен әлемнің дамыған мемлекеттерінің назары Орталық Азияға ауғанын бағамдай беруге болады, деп хабарлайды janalyq.asia.

Бүгінгі мақаламызда Орталық Азиядағы бес елдің мүмкіндіктері, алпауыт мемлекеттердің аймаққа назар аудару себебі, ең маңыздысы — мұндай қарым-қатынастар Қазақстанға, сондай-ақ өңірдің басқа да елдеріне не беруі мүмкін деген бағытта сараптама жасап көрдік.

Әлем елдері Орталық Азияға неге қызығушылық танытып отыр?

2022 жылғы қазанда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) соңғы саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның халықаралық аренадағы рөлі қазіргі геосаяси жағдайға байланысты арта беретінін атап өткен еді. Аймақ барған сайын әлем елдерінің назарына ілігіп, Азияда үлкен сұранысқа ие болатын өңірге айналмақ. Шын мәнінде, бүкіл әлем жұртшылығы басқа елдер мен аймақтар бір-бірінен алыстап жатқанда Орталық Азия елдері бірігіп жатқанын көріп отыр. Оның ішінде, Қазақстан айналадағы геосаяси шиеленістерге қарамастан көпжақты ынтымақтастықты кеңейтіп, қарым-қатынасты нығайту мәселесін жолға қоя білді. Ағымдағы жылдың мамыр айында Орталық Азия өңірі елдері мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Орталық Азия – Қытай» бірінші саммиті өтті. Ал маусым айының басында жаңа геосаяси жағдайларды ескере отырып, толығымен халықаралық қауіпсіздік мәселесіне арналған Орталық Азия – ЕО-ның екінші саммиті ұйымдастырылды. 5 маусымда Қазақстан Президенті «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, ол Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтының құқықтық мәртебесін, жұмыс тәртібін, міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді. Осылайша, аймақ елдері басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып, барлық салада өз ұстанымын нығайтып келеді. Қазақстанның мұндай қарым-қатынастарды дамытуда жетекші рөл атқаратынын ерекше атап өту керек.

photo
Фото: akorda.kz

Осы тұста, әлемдік қауымдастықтың неліктен Орталық Азияға назары ауып отырғанын саралап, бірнеше себебіне тоқталып көрейік. Мысалы, сарапшылар Орталық Азияға айтарлықтай назар аудару себебінің бірі геоэкономикалық тұрақсыздықтарға қарамастан, аймақтың жоғары деңгейде өсім көрсетіп отырғаны екенін айтады. Оның үстіне, сауда саласындағы қиыншылықтар мен жеткізу тізбегінің өзгеруі де көптеген елдің назарын Орталық Азияға еріксіз аудартты. Біріншіден, географиялық орналасуына байланысты аймақ Ресей мен Қытайға жақын орналасқан, сондықтан да логистика үшін ең тиімді аймақ болып отыр. Мәселен, Транскаспий, Солтүстік-Оңтүстік бағыттары уақыт пен баға жағынан тиімді екені белгілі.

Екіншіден, халық санының көп болуына да байланысты болып отыр. Орталық Азия аймағындағы халық саны соңғы 20 жылда 40 пайызға өсіп, 80 миллион адамға жетті. Осы уақыт ішінде макроэкономикалық көрсеткіштер де жақсарды. Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімі жоғарыда атап өткеніміздей, 2000 жылғы 46 миллиард доллардан 2022 жылы шамамен 400 миллиард долларға дейін өсті. Бұл ретте жалпы ішкі өнімнің орташа өсу қарқыны жыл сайын 6,2%-ды құрады.

ЕҚДБ соңғы болжамына сәйкес, Орталық Азия 2023 жылы ең жылдам дамып келе жатқан аймақ болып отыр. Орталық Азия елдерінің ЖІӨ өсімі болжамы 5,2%-ды құраса, 2024 жылы аймақ экономикасы 5,4%-ға артады деп болжанған.

photo

Мұндай көрсеткіштер аймаққа инвестиция тартуға зор ықпалын тигізуде, мәселен, соңғы 20 жылда өңірге тартылған инвестиция көлемі 211 миллиард долларға дейін өскен. Сонымен бірге Орталық Азия елдерінің өзара тауар айналымының сыртқы саудадағы үлесі 6,4 пайыздан 9,9 пайызға дейін артты.

Осылайша, аймақ елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жан-жақты дамып келеді, бұл «Орталық Азия бестігі» елдері арасындағы саяси диалогтың серпініне де жақсы әсер етуде.

«ОА елдері арасындағы ынтымақтастық әлемдік аренадағы ұстанымдарын нығайтты»

Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Лидия Пархомчиктің пікірінше,Орталық Азия мемлекеттері басшыларының тұрақты түрде кездесіп, аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға атсалысуы олардың әлемдік аренадағы ұстанымдарын нығайтуға мүмкіндік берді. Тіпті, осының бәрі аймақ елдері мен дамыған алпауыт мемлекеттер арасында диалог алаңдарының құрылуына алып келді. Мәселен, ӘЭСИ сарапшысының айтуынша, Орталық Азия елдері мен аймаққа кірмейтін мемлекеттердің қатысуымен осындай диалог форматы 2000 жылдардың басында қалыптаса бастаған.

«Дәл сол кезде «Орталық Азия + Жапония диалогы» және «Корея Республикасы – Орталық Азия» ынтымақтастық форумы сияқты платформалар пайда болды. Осыған ұқсас өзара іс-қимыл форматы 2015 жылы Орталық Азия елдері мен АҚШ Сыртқы істер министрлерінің тұрақты кездесулеріне арналған С5+1 платформасы пайда болғаннан кейін жаңа серпін алды. 2019 жылдан бастап Ресеймен, ал 2020 жылдан бастап Қытаймен келіссөздерде «Орталық Азия бестігімен» министрлер кездесуінің форматы қолданылып келеді», -деп атап өтті ол.

photo

Маманның айтуынша, кейіннен Сыртқы істер министрлерінің кездесуі мемлекет басшыларының кездесуіне ұласты. Сөйтіп, 2022 жылы Қытай және Үндістан, Ресей және ЕО елдерімен жоғары деңгейдегі саммиттер өтті. Осылайша, Орталық Азия елдерінің мүдделерін алға жылжытудың жаңа тетіктері қалыптасқан.

Ынтымақтастық географиясын кеңейту қандай мүмкіндіктер береді?

Міне, соның нәтижесінде соңғы жылдары Орталық Азия аймағымен қарым-қатынас жасау жақсы үрдіске айналып, жолға қойылған. Сөйтіп, ОА аймағының әріптестікті нығайтып жатқан мемлекеттер қатары көбеюде. Мысал ретінде жақында ғана Сауд Арабиясында өткен Парсы шығанағындағы елдердің қатысуымен өткен Саммит жайлы айтуға болады.

«Орталық Азия бестігі» араб әріптестерімен аймақаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін беру үшін жүйелі жұмыс істеді. Нәтижесінде 2022 жылы «Орталық Азия + Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» стратегиялық диалогының бірінші министрлер кездесуі өтті. Жақында Жиддада өткен Орталық Азия елдері мемлекет басшыларының және Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің саммиті осындай форматтағы алғашқы кездесу болды. Тараптар 2027 жылға дейінгі Ынтымақтастық жоспарын бекіткенін ескере отырып, жоғары деңгейдегі кездесулерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр»,-деп атап өтті Лидия Пархомчик.

photo
Фото: t.me/aqorda_resmi

Дегенмен сарапшының сөзінше, тараптар экономикалық ынтымақтастықтың бар әлеуетін толық пайдаланбай отыр.

«Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесі басшысының дерегінше, қос аймақ арасындағы сауда айналымы 2021 жылы шамамен 3,1 миллиард долларды құраған. Сондықтан да экономиканы бұдан әрі жандандыру үшін жаңа бағыттарды қарастыру қажет. 2023 жылдың соңында Сауд Арабиясында өтетін Орталық Азия мен Парсы шығанағындағы елдердің инвестициялық форумы жақсы мүмкіндік болмақ», — деді спикер.

Орталық Азия елдерінің ішінде еліміз өңіраралық ынтымақтастықтың белсенді ойыншысы әрі бастамашысы екенін атап өту керек. Сарапшының сөзінше, Таяу Шығыс елдерімен ынтымақтастықты одан әрі дамыту Қазақстан Республикасының сыртқы саясатымен толықтай сәйкес келеді әрі соңғы жылдары байланыс күшейген. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның Таяу Шығыс елдерімен өзара тауар айналымы шамамен $1,2 млрд құраған.

Лидия Пархомчиктің айтуынша, аймақ елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастық одан әрі кеңейе бермек. Әсіресе, энергетика және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық ерекше қызығушылық туғызып отыр.

«Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Abu Dhabi Ports Group логистикалық компаниясы Қара және Каспий теңіздеріндегі теңіз флоты мен жағалау инфрақұрылымын дамыту бойынша стратегиялық серіктестік туралы келісімдерге қол қойды. Әмірліктің Masdar энергетикалық компаниясымен бірлесе отырып, қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Айта кету керек, елімізде жаңартылатын энергия көздерін салу жобасын да ACWA Power ұсынған Сауд Арабиясының серіктестері жүзеге асырады, олар да қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салмақшы»,-деді ӘЭСИ сарапшысы.

photo

Сондай-ақ ол Қазақстан Таяу Шығыстағы саяси келіссөздер процесін жандандыруды ғана емес, сонымен қатар аймақ елдері арасындағы экономикалық байланысты да нығайтуға ұмтылып отырғанын да атап өтті.

Жалпы жоғарыда атап өткеніміздей, Орталық Азия аймағымен байланыс орнату өзекті үрдіске айналып отыр. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің бірлігі басқа елдер үшін де маңызды. Сондықтан қазір өңірдегі ауызбіршіліктің маңызы артып отыр. Олар бірге болса, Орталық Азия күшейіп, нығаятын болады. Ал бұл, өз кезегінде, аймақ елдері басшыларының қарым-қатынасына тікелей байланысты болмақ. Сондықтан болашақта да ОА президенттері қазіргі қалпынан таймай, Орталық Азияның ынтымақтастығын одан әрмен нығайтатын болса, барлық кедергіні еңсеріп, мықты күшке айналады деп сенеміз.

Қатысты мақалалар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button