Орталық Азия

Түркістанның туризмін насихаттауға Түркия елі белсене атсалысады

Түркістан облысының туристік ерекшеліктерін насихаттау, туристерді тарту мақсатында құрылған арнайы делегация Түркия еліндегі іссапарын Ыстамбұл қаласында қорытындылады. Облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-ң бас директоры Серік Сандыбаев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры Жақсылық Акимов, сондай-ақ қонақ үйлер мен мейрамхана өкілдері «Turksab» түрік туристік агентіктерінің қауымдастығына барды, деп хабарлайды Janalyq.Asia.kz.

Кездесуде Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылып, жарнамалық үнпарақтар таратылды. Қос тараптың өзара келісімі нәтижесінде 2024 жылы түркиялық туристік агенттіктерге Түркістан облысында ақпараттық турлар ұйымдастырылады.

Іссапар Ыстамбұл коммерциялық университетінде жалғасын тапты. Жоғары оқу орны басшылығы, доктор Исрафил Құралаймен келіссөздер жүргізіліп, екі ел университеттері арасында тығыз қарым-қатынас орнату және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Жиын соңында түркістандық делегация қолөнер шеберлерінің туындыларын сыйға тартты. Мұнан соң арнайы делегацияны ҚР Ыстамбұл қаласындағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл қабылдады. Ол Түркістан облысында саланы дамытуға назар аударылып жатқаны қуантатынын жеткізді. Атқарылып жатқан шараларға оң бағасын беріп, іскерлік байланыс арқылы Түркістан өңірінің туризмін насихаттауға ықпал ететінін айтты.

Айта кетейік, облыстың туризм саласы өкілдерінен құрылған жұмысшы топ Кайсері, Конья қалаларында да іскерлік кездесулер өткізді. Онда танымал университеттер мен туристік операторларға Түркістан өлкесінің тарихи-мәдени орындары, көрікті жерлері мен табиғаты жарнамаланды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қатысты мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button