Азия тынысы

«Тез шешім қабылдауға болмайды»: Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесіне қатысты пікір білдірді

Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінде ауыс-түйіс күтілмейді.

Жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Сенат кулуарында алдағы жоспарларымен бөлісті, деп Janalyq.Asia хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Тілшілер ведомство басшысынан «Министрліктегі жұмысты неден бастайсыз?» деп сұрады.

«Ең әуелі жұмысымызды Президенттің тапсырмаларын орындаудан бастаймыз. Кеше кеңейтілген Үкімет отырысында Мемлекет басшысы тарапынан тиісті ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Оның нақты тапсырмасы – МӘМС жүйесі. Бүгінде медициналық сақтандыру жүйесі нақты нәтиже көрсетіп отырған жоқ. Осыған байланысты МӘМС жүйесіне сыни көзқараспен қарап, негізі жұмысын өзгерту мәселесін алдымызға қойды. Күні кеше бұл жұмысты бастап та кеттік десек болады. Бірақ тез шешім қабылдауға болмайды. Себебі халықпен жұмыс істейтін үлкен жүйе. Сондықтан мұнда асығыс жасалған шешімдер негізі қабылданбау керек деп білемін. Оған уақыт керек, тиісті сарапшыларды сырттан да тартып жатырмыз. Себебі бүгінде қателесуге болмайды», – деді Ақмарал Әлназарова.

Оның сөзінше, МӘМС-тегі қаражат жетіспеушілігінің бірнеше себебі бар.

«Негізі қаржы халық тарапынан МӘМС жүйесіне бөлінетін жарияпұлдардың есебінен жинақталады. Жұмыс берушілердің жауапкершілігі қарастырылған және мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмектің көлемі қаржыландырылады. Біріншіден, берілген қаражат аз емес. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2,8 трлн-ға дейін жетті. Соңғы үш жылда Денсаулық сақтау министрлігіне бюджеттің көлемі 2 есе өсті. Біз ең бастысы соның тиімділігін арттыруымыз керек», – деп жалғастырды ол.

Спикер Денсаулық сақтау министрлігінде ауыс-түйіс күтілмейтінін жеткізді.

«Меніңше, министрліктің аппаратының негізгі әлеуеті жоғары. Бірақ тиісті жұмыстарды үйлесімді түрде жүргізу жеткіліксіз болды. Қазіргі аппаратпен осы жұмысты бірлесе отырып бастаймыз. Ауыс-түйіс әзір күтілмейді», – деп түйіндеді министр.

Қатысты мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button