Азия тынысы

Түркістанда облыс әкімінің кезекті жеке қабылдауы өтті

Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістанда кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке мәселелері мен өтініштерін тыңдады. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары қатысып, мәселелердің тиісті шешімін табуға атсалысты. Бұған дейін де облыс орталығынан бөлек, аудан, қалаларда «Ашық есік күні» тұрақты түрде өткізіліп, туындаған сауалдардың басым көпшілігі шешімін тауып келеді, деп хабарлайды Janalyq.Asia.
– Тұрғындар пікірі біз үшін маңызды. Бүгін сіздердің уәждеріңізді тыңдадым. Әрбір мәселе ескерусіз қалмайды. Барлығы да жан-жақты тексеріліп, заң аясында шешімін табады, – деген облыс әкімі тиісті мамандарға заң шеңберінде түсіндіруді, нақты бағыт-бағдар беруді тапсырды.
Тұрғындардың басым көпшілігі жер және тұрғын үй, жұмысқа орналастыру, сонымен қатар бір реттік көмек беру сынды әлеуметтік мәселелерді шешіп беруді сұрады. Түркістандық азамат тұйық көшелерді асфальттау жайын көтерді. Келесі тұрғын инватакси көліктерінің қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді. Сондай-ақ жазылушылар кәсіпкерлігіне келтірілген шығынды өтеу мәселесіне қолдау сұрады. Арыстық азамат ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бағыты бойынша субсидия алу жолдарын сұрап келді.
Сарығаштық тұрғындар мешіт алдына бейнебақылау орнату мен елді мекенді жарықтандыруды айта келе, жедел жәрдем мамандарының сапасыз қызмет көрсететініне наразылығын жеткізді. Сондай-ақ базарлардың алдында қызыл сызықта орналасқан дүкендер мәселесі мен ауданда оқушылар тасымалдайтын автобустар мәселесін көтерді.

Сайрамдық азамат ауылдық округтерде орналасқан мал қораларының құжаттарын заңдастыру жайын айтты. Кентаулық тұрғын мәселесінің оң шешімін тапқанына алғысын жеткізді. Ордабасы ауданының тұрғыны өндірістік кооператив жеріне қатысты сауалын жолдаса, тағы бір тұрғын көрші елден қоныс аударғандарға ауыл шаруашылығы мақсатында жер беруді сұрады. Отырарлық тұрғын денсаулығына катысты көмек сұраса, Астана қаласынан жазылған азамат әлеуметтік сала бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Қабылдау барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, әр мәселені егжей-тегжейлі талдаған облыс әкімі көтерілген сауалдарға байланысты тиісті шаралар қабылдауды сала басшыларына тапсырып, орындалу барысы тікелей өз бақылауында болатындығын жеткізді.
Айта кетейік, облыс әкімі өткен жылы әр жарты жыл сайын аудан, қалаларда халықпен кездесіп, тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Облыс әкімі тарапынан 50-ден астам жеке қабылдау өткізіліп, оған 500-ден астам азамат жазылды. Жалпы тұрғындар жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы, білім, кәсіпкерлік саласына қатысты, инфрақұрылым бойынша, тұрғын үй мәселесі туралы, ауыз су, жол мәселесі бойынша, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету туралы, спорт, мәдениет, денсаулық саласы бойынша, табиғи газбен қамту бойынша, сайлауға қатысты, қоғамдық көліктер бойынша, интернет бойынша мәселелер көтеріліп, өтініш пен ұсыныс-пікірлер айтылды. Соның негізінде хаттамалық тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қатысты мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button