Азия тынысы

Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады

Демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді, деп хабарлайды Janalyq.Asia.kz.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім сапасын көтеру мемлекеттің басым мақсаты екенін аттап өтті. Сондай-ақ балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және орта құру міндетін қойды. Түркістан өңірінде демографиялық өсім жоғары. Осыған байланысты оқушы 35 мың орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу үшін 4 бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда бюджет есебінен жобалық қуаты 8250 орын 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілді. Президент бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы құны 9,4 млрд. теңге болатын, жобалық қуаты 6 650 орындық 9 мектептің құрылысы басталды. Ал «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен жобалық қуаты 5000 орын болатын 17 мектеп салынды, – деді Дархан Сатыбалды.

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша құрылысы биыл басталатын 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелері анықталып, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітілді. Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды ендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған бағытта өңірдің 15 педагогы Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер Ұлттық Институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» шетелдік семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелде тәжірибе жинау семинарларына қатысады деп күтілуде.
Өңір басшысы мектептерді күрделі жөндеу мәселесіне де тоқталды. Қазіргі таңда облыста 121 мектеп бойынша талдау жүргізілуде. Бұл мектептер 1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 млн. теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджет және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 млрд. теңге қаржы қарастырылуда. Ал қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2024-2025 жылдардың бюджетіне керекті қаражат енгізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қатысты мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button