Азия тынысы

Табыс 1 теңге болса да, одан салық төлену керек – Айбар Олжаев

Биыл сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканы төмендетуді көздейтін жүйе төртінші кезеңге аяқ басты, деп хабарлайды Janalyq.Asia.kz.

Енді мобильді аударымдар тексеріліп жатыр.

Мобильді аударымдар туралы не білуіміз керек? Неге онымен қызмет ақысын төлеуге болмайды? Декларациялаудың экономикаға әсері қандай? Такси жүргізушілер мен онлайн бизнес жүргізетіндері нені білуі керек? Салық мәдениеті халыққа несімен пайдалы? деген сияқты өзекті сұрақтарды сарапшы маман, экономика саласын зерттеп жүрген журналист Айбар Олжаевтан сұрап көрдік.

– Жасыратыны жоқ, такси қызметіне жүгінгенде, онлайн дүкендерден зат сатып алғанда, мобильді аударымдар арқылы төлеу кең тараған. Бұл көлеңкелі экономикаға алып баратын әрекет пе? Қызмет ақысын мобильді аударым арқылы жасау қаншалықты заңды?

– Яндексті алатын болсақ, Яндекске картаңыз байланса, онда барлық операциялар ашық жүреді. Онда жүргізушіге салықты шегеріп тастағаннан кейінгі қаржы келіп түседі. Таксидің барлығында көлеңкелі экономика деп айта алмаймын. Мәселен, мен тұратын Алматы қаласында көбісі таксиді банк картасына байлайды да, автоматты түрде шешіле береді. Мұндай кезде ешқандай сұрақ жоқ. Ал енді Яндекс такси қызметіне тіркелмей, өзі жеке такси қызметін атқарып жүрген азаматтар бар. Олар салық есебінде тіркелмей, салық ұсталмай қалуы мүмкін. Негізінде, қызмет ақысын мобильді аударым арқылы жасауға болмайды. Мобильді аударымның негізгі атқаратын қызметі – жақындар арасында қарызға ақша бере тұру, сыйлық беру кезінде қолдану. Кәсіпкерлікке қатысы жоқ аударым операцияларын ғана жасауға болады. Егер кәсіпкер бір кәсіп арқылы табыс тауып, оны мобильді аударым арқылы жасаса, бұл адам заң бұзып отыр. Бұл – заңсыз қадам. Қазір енді осы заңның орындалуын қадағалау бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Салық комитеті осыны қолға алды. Егер 3 ай қатарынан 100 түрлі адамнан аударым түссе, Салық комитеті тексеруіне негіз бола алады. Бір айта кететін жайт, бір адам 10 рет аударма жасаса да ол бір аударым болып саналады. 3 ай бойы 100 түрлі адамнан аударым түссе, бұл кәсіпкерліктің белгісі болуы мүмкін. 3 ай бойы осы картина жалғасса, банктер салық мекемелеріне осы ақпаратты жіберетін болады. Бұл аударым саны 100-ден асып кетсе, ол адам бірден жазаланады деген сөз емес. Салық мекемесі азаматқа хабарласып мән-жайды білу үшін түсініктеме сұрайды. Азамат қайырымдылықпен айналысатын болса, қайырымдылықпен айналысып жүрмін деп айтады. Ол кезде оған сұрақ болмайды.

– Такси жүргізушілері, азық-түлік, тауар тасымалындағы жеткізушілер, басқа да ұсақ кәсіпкерлер 100 аударымнан асса, есеп беру керек, мобильді аударымдарды бизнесте қолдануға болмайды деген жаңа бастаманы қолдай қоймады. Біздің аз табысымыздан салық төлемей-ақ қойсақ болмай ма деп жатқандар бар. Бұған не дейсіз?

– Табыс аз болса да, көп болса да одан салық міндетті түрде төленуі керек. Егер біз прогрессивті шкалаға өтсек, кейбір деңгейге дейін табыс табатын адамдарға салық салынбайтын болады. Егер минималды айлықтан төмен айлық алатын болса, салық шегерімдерінің мөлшері аз, білінбейтіндей деңгейде. Кәсіпкерлерде қазірдің өзінде осындай шкала бар. Патент бойынша салық – 1%. Арнайы режиммен – 3%. Салық негізі кәсіпкерге ауыртпалық туғызбайды. Тек салық мәдениетін қалыптастыру керек. Есеп беру, ашықтық мәдениетін қалыптастыру – негізігі басты мақсат болып отыр. Сондықтан табыс 1 теңге болса да одан салық төлену керек. Әңгіме салықтың көлемінде емес, салық мәдениетінде. Айта кету керек, елімізде шағын бизнесте кәсіпкерлер 1% ғана салық төлейді. Мұндай салық саясаты көп елде жоқ. Ірі бизнес болса, онда әңгіме басқа. Онда корпоративті кіріс салығы, қосымша құн салығы, әлеуметтік төлемдер салынады, 40%-ға дейін жүктеме жүреді. Өйткені онда ірі табыс бар. Сондықтан бізде салық саясатында шағын кәсіпкерлердің табыс табуына жағдай жасап отыр деп айта аламыз.

– Декларациялау экономикалық өсімге алып келеді дей аламыз ба?

– Декларация міндетті түрде экономикалық өсімге алып келеді. Өйткені ол салық базасын арттырады. Жеке кәсіпкерлер есебінен салық төлейтін субъектілер көбейеді. Демек салықтық түсім еселенеді. Онда мемлекет Ұлттық қорға тиісе бермейді, ол өзінше өсе бастайды. Әлеуметтік төлемдер салық есебінен төленетіндіктен, көпбалалы аналардың жәрдемақылары, зейнетақы, шәкіртақы басқа әлеуметтік көмек түрлерінің көлемі артады. Осының арқасында экономикамыз қарқындырақ өсе бастайды.

– Салық мәдениетін қалай қалыптастыруға болады? Ол үшін Үкімет не істеуі керек?

– Салық мәдениетін қалыптастыру халықпен диалог жасаудан басталады. Дұрыс ақпарат жеткізу, коммуникация, түсіндіру жұмыстарын қолға алуымыз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бақытжан Баймаханқызы

Қатысты мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button