Бизнес Азия

Ресейдегі инфляцияның жеделдеуіне байланысты Қазақстанда қымбатшылық болуы мүмкін

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп janalyq.asia хабарлайды inbusiness.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

«Бұл шешімге Ұлттық банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау, сондай-ақ инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау негіз болды. Геосаяси жағдай мен оның салдарының белгісіздігіне, сондай-ақ азық-түліктің әлемдік бағасының жоғары болуына байланысты сыртқы проинфляциялық факторлар сақталып отыр», – деп түсіндірді бас банк.

Сонымен қатар бұған логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуы, әлі де жоғары қалыптасып отырған инфляциялық күтулерге ықпал еткен. Осы факторлар орта мерзімді болашақта инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың бірінші жартысында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруға негіз болған.

«2023 жылғы қаңтарда жылдық инфляция өсу қарқынын жалғастырып, 20,7% болды. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі басты қозғаушы күш болып қалуда. Айлық инфляция төрт ай қатарынан 1,1%-ға дейін баяулады (2022 жылғы қыркүйектегі 1,8%-дан), бірақ әлі де орташа тарихи мәннен асып отыр. Айлық инфляция сияқты базалық инфляцияның көрсеткіштері де баяулап келеді, бірақ, жоғары деңгейде қалыптасуда», – деп хабарлады ҰБ.

Инфляциялық күтулер 2022 жылғы желтоқсанда шарықтау шегіне жетіп, кейін төмендеді, бұл алдыңғы болжамның алғышарттарына сәйкес келеді. Дегенмен, инфляциялық күтулер әлі де жоғары және олардың төмендеуінің айқын тренді әлі қалыптаспаған, бұл инфляцияның жылдам баяулауына кедергі келтіруде.

Алайда бас банк дерегінше жаһандық инфляция баяулай бастады, бұған энергия ресурстарына бағаның төмендеуі мен жеткізу тізбегіндегі жағдайдың біршама жақсаруы әсер етті. Сонымен қатар белсенді еңбек нарығы, тұтынушылық сұраныс және пандемиядан кейін Қытайдың ашылуына байланысты әлемдегі инфляцияның жеделдеу тәуекелі артып келеді.

«Болжам бойынша, жаһандық инфляция біртіндеп баяулайды, ол орталық банктердің қатаң монетарлық саясатын жүргізуімен, сондай-ақ әлемдік экономиканың әлсіз өсуімен қатар жүреді. Сауда әріптес елдердегі инфляцияның күтілетін төмендеуінің әсерінен Қазақстандағы тұтыну бағасына қысым әлсірейді», – деген болжамымен бөлісті ҰБ.

Жаңа деректерді, сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, инфляцияның болжамы аздап төмендету жағына қарай қайта қаралды. 2023 жылы Қазақстандағы фискалдық ынталандыру мен Ресейдегі инфляцияның динамикасына қатысты белгісіздікке байланысты болжамның ауқымы кеңейтілді.

«Болжам бойынша, биыл базалық сценарийде жылдық инфляция 9-12%, 2024 жылы – 6-8%, 2025 жылы – 4-6% шегінде қалыптасады. Өткен жылғы жоғары база әсерінен жылдық инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың I тоқсанында күтілуде. Инфляция болжамдарының жақсаруы ФАО астық өнімдері индексінің болжамды төмендеуіне, Қазақстанда өнімнің жақсы болуына, теңгеге қатысты нақты айырбастау бағамының нығаюына, сондай-ақ қызметтерге миграциялық шоктың әсер етуіне байланысты», – деп жазылған хабарламада.

Бас қаржы институты дерегінше, ел ішіндегі проинфляциялық факторлар күшеюі мүмкін. Нақтырақ айтқанда жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы қымбатшылық болуы мүмкін.

«Ұсыныстың күтпеген өзгерістеріне байланысты азық-түлік бағасы тез өсуі мүмкін деген тәуекелдер де сақталып отыр. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының реттелетін қызметтеріне тарифтердің және жанар-жағармай бағасының уақыты келген реформалары тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына баға өсімін жеделдетуі мүмкін. Сыртқы әлемнің қосымша инфляциялық тәуекелдері мемлекеттік бюджет шығыстарының өсуі, рубльдің әлсіреуі мен санкциялар аясында Ресей Федерациясында инфляцияның айлық көрсеткіштерінің ықтимал жеделдеуіне байланысты. Бұл факторлар базалық сценарийдің алғышарттарында ескерілмеген. Болашақта олардың іске асуы болжамның өзгеруіне әкелуі мүмкін», – деп ескертті ҰБ.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 7 сәуірде Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Фото: Zakon.kz

Қатысты мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button