Азия тынысы

Орталық Азиядағы қыздарға арналған жалғыз ЖОО ретінде нәзік жандылардың соққыға жығылуы алаңдатады — ректор

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген көлемді сұхбатын мұқият оқып шықтым. Сұхбат қоғамда соңғы уақытта қызу талқыланып жатқан көкейкесті мәселелер қамтылған ашық әңгіме ретінде өрбігендігі қуантады. Бұл пікірді Қазақ ұлттық қыздар университетінің ректоры Гүлмира Қанай айтты, деп хабарлайды Janalyq.asia.kz.

«Біздің бағыт – білім мен ғылым, оның ішінде қыздарымызды ұлағатты ұстаз, дарынды ғалым етіп тәрбиелеу, десе де қоғамда болып жатқан жайттардан біз тысқары қалып, оларға көз жұма қарай алмаймыз. Қазақстанның бүгіні мен болашағына педагогтар да қатты алаңдайды. Сол себепті, сұхбатта көтерілген еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, Қаңтар қасіреті, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы секілді өзекті тақырыптарға қатысты Президенттің берген жауаптарын қызығушылықпен оқып қана қоймай, ол туралы пікірімді білдіруді жөн санадым. Президент сұхбатында 2024 жылы Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық ететінін, сондай-ақ елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтетінін атап өтті. Айта кетерлігі, Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің атынан төреші, әрі құрметті қонақ ретінде Педагогика және психология институтының профессоры, педагогика ғылымының кандидаты, «Қазақ күресі» федерациясының тұңғыш президенті Ерғали Мұхиддинов ағамыз шақыру алды. Яғни ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын дәріптейтін, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыратын байрақты бәсеке біздер үшін де айтулы оқиға болмақ. Еліміздің халықаралық ұйымдарға төрағалық етуі жоғары оқу орындарындарымыздың шетелдік әріптестер арасындағы танымалдығын арттыратындығы сөзсіз. Қазіргі таңда университетіміз Ұлыбритания, Рига, Малайзия, Гонконг, Ташкент, Словакия, АҚШ, Латвия, Польша, Корея Республикасы, Қытай Халық Республикасы және тағы басқа да әлемнің алдыңғы қатарлы елдері мен қалалардағы жоғары оқу орындарымен достық қарым-қатынас орнатып қана қоймай, бірлескен жобалар, ғылым мен білім, оның ішінде студент алмасу, оқытушылар тәжірибесін арттыру бағдарламаларын жүзеге асырып отыр», — деді ол.

Ректордың пікірінше, Қасым-Жомарт Кемелұлы қасіретті Қаңтар оқиғасының басты себебін де айтты.

«Жылдар бойы қордаланған әлеуметтікэкономикалық проблемалар осындай ахуалға әкелгендігін түсіндірді: «Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді», – деді Мемлекет басшысы. Елдігімізге түскен сын сағатында көшбасшылық танытып, өзіне жауапкершілік ала білу екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігі сөзсіз. Президенттің бұл ұстанымы біз сияқты жас буын көшбасшылар үшін үлкен үлгі, әрі өнеге болғандығын сеніммен айта аламын. Ең маңыздысы, еліміздің келешегі, қоғамдық белсенділік пен өз өміріне жауапкершілік ала білу, яғни демократияның басты принциптеріне деген сенімдердің күшейуі бізді қатты қуантады. Орта Азиядағы қыз-балаларға білім беретін жалғыз жоғарғы оқу ордасы ретінде қоғамымызда орын алып жатқан қорқынышты жайт нәзік жандылардың соққыға жығылу мәселесі бізді қатты алаңдатады. Мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін бұрын зардап шеккен адамның арызы қажет болатын. Соның салдарынан қанша қылмыс әшкереленбей, жабулы қазан күйінде қалды. Енді ондай арыз қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілік күшейтілгенін көріп отырмыз. Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды қолдап қана қоймай, заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруға шақырды. Қыздарымыздың біліміне ғана емес, денсаулығы мен болашағына алаңдайтын біздер үшін Мемлекет басшысының бұл сөздері сенім мен жылулық ұялатады. Сұхбатта Президент нағыз отаншыл және адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар деп еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдікті атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», – деп, бірігуге шақырған үндеуі келешек ұстаздар дайындау ісінде ұранымызға айналуы тиіс деп ойлаймын. Аталмыш қасиеттердің қалыптасуы келешек ұстаздарды дайындауда рефлексия, өз бетімен және өмір бойы білім алу, өз тәжірибесін зерттеу арқылы оқушыларының білімдерін жетілдіру, мектебін дамыту сияқты жан-жақты дағдыларды қалыптастыруды талап етеді. Қазіргі таңда университетімізде оқу бағдарламаларына комплексті өзгерістер енгізілуде. Айталық, бітіруші курс студенттерінің арасында, халықаралық танылған, сабақты зерттеу (Lesson study) әдісі бойынша қорытынды топтық жобалар ашық түрде қорғалып, жұмыс берушілер, яғни мектеп басшылары мен практик ұстаздардың қатысуымен өткізілуде. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы ашық сұхбатында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша күн тәртібін айқындап, бағдарын нақтылап берді. Сонымен қатар, көкейдегі көп сауалдарға жауап беру арқылы елдің пікірімен санасып, елдің қамын ойлайтындығын көрсетті», — деді Гүлмира Қанай.

Қатысты мақалалар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button