Азия тынысы

Депутаттар мен министрлердің дүние-мүлкінің тізімі жарияланады

Мемлекет жемқорлықпен күресті жандандырудың жолдарын іздеуде, деп хабарлайды Janalyq.Asia.

Сарапшылар кейінгі кезде коррупциямен күрес саябырсып қалғанына назар аудартып жүр. Мысалға, жаңа Қазақстан 2023 жылы бұрынғы билік тұсында тағайындалып, ұзақ жыл отырған, «өңірлік князьдарға» айналып кеткен аймақ басшыларының бәрінен арылды. Олардың тұсында жасалған қаншама былық қоғамға әшкере болды. Алайда мүйізі қарағайдай экс-әкімдердің ешқайсысы қамалған жоқ.

Өткен жылы Қазақстанда бірнеше алапат өрт болды. Бір жылда екінші траурды жариялауға себеп болған 29 қазанда Костенко шахтасындағы апат та төтенше жағдайлар құрылымдарының нашар жарақталғанын паш етті.

Содан бұл салада жүргізілген тексерістер сыбайлас жемқорлықтың 70%-ы бөлімше басшылары қолымен жасалып келгенін анықтады. Сорақысы сол, Антикордың дерегінше, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы коррупциялық қылмысқа барған. Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелді. Жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде орын алған, яғни жүйені «жегіқұрт» тұтас жайлаған.

Анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым. «Заңсыз сыйақы» біраз жылдан бері өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру үшін беріліп отырған. Тіпті ТЖ жүйесінде лауазымдарды, «креслоларды» сату жолға қойылған. Бұл саланың тізгіні Владимир Храпуновтың да қолында болды. Одан беріде министрлікті белгілі тұлғалар ұзақ жыл табан аудармай басқарды. Олардың ішінен біреуіне қатысты сұрақтар туғаны туралы еш мәлімет жария етілмеді.

Былтыр Антикор білім беру жүйесінде бюджет қаражатын жымқырудың тұрақты қылмыстық схемаларын ашты. Жемқорлардың «жемсау-кормушкасы» да көп жылдан бері «қызмет еткен». Соңғы үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 триллион теңге немесе елдің бүкіл бюджетінің 28%-ын шығындады. Оның үлкен бір бөлігі талан-тараж етіліп, қолы мен ниеті арам басшылардың қалтасына құйылып отырған.

Антикордың байламы тіксінтеді: «білім беру саласы ең көп жемқорланған салалардың бірі болып қалуда». 2020 жылдан бастап осы салада 143 жемқор басшы ұсталған. Ұсталмағаны қанша? Мысалы, Жетісу облысында бір ғана қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4,4 миллиард теңге ұрлаған. Мұндай қылмыстық схемалар елдің барлық аумағында табылды. Өңірдегі ұсақ шортандары осынша қылғытса, одан жоғары тұрған, алпауыттарының аранына құйылған миллиардтардың сомасы қандай екенін осыдан байқауға болады.

2023 жылы ұсталған ең ірі шенеунік – жалғыз Әділет экс-министрі Марат Бекетаев болды. Антикоррупциялық қызмет былтырғы 23 қазанда «Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау аясында экс-министрді лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген күдік бойынша тұтқындағанын мәлім етті.

Бірақ бұл іс былтыр аяқталған жоқ, немен тынатыны белгісіз. Жыл жабылар тұста, 29 желтоқсанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Марат Бекетаевты тұтқында ұстау мерзімін 2024 жылғы 21 қаңтарға дейін ұзартты. Ол мерзім аяқталды. Жаңа шешім туралы әзірге хабарланбады.

Өткен жылдың тағы бір басты жаңалығы 7 маусымда Антикордың бұрынғы Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстауы болды. 2023 жылғы 21 қарашада Астана қаласының соты Н.Әлтаевты 50 миллион теңгеден астам пара алды деп айыптап, 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұрынғы жылдары жемқорлықпен күресуші органдар қанша парақор ірі лауазымды тұлғаны, министр мен облыс әкімін ұстағанын айтып, ақпарат құралдарына «көркем көрсеткіштерін» жайып салатын. Бұл дәстүр бүгінде тыйылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 2023 жылғы 10 айдағы жұмыс қорытындыларына үңілсек, осы кезеңде елімізде 1 500-ге жуық жемқорлық қылмыс тіркелді. 1 100-ден астам жемқор тұлға әшкереленді, оның 158-і – әртүрлі деңгейдегі, негізінен, өңірлік басшылар. Сотқа 1 мыңнан аса іс жіберілді, олар бойынша 282 млрд теңге залал өтелді.

Есепке бұрынғы жылдар жетістіктері қосылыпты.

«2021 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 млрд теңге сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтару қамтамасыз етілді. Оның ішінде 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан түскен ақша қаражаты түрінде. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті. Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Агенттік былтыр «жергілікті атқарушы органдарда тіркелген жемқорлық қылмыстарға ерекше назар аударғанын» алға тартты. Нәтижесінде, жыл басынан бері өңірлерде барлығы 215 лауазымды тұлға әшкереленді, оның 137-сі басшылар. Жемқор мемқызметшілердің ең көп саны Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарына тиесілі.

Дегенмен, Антикор енді коррупцияның салдарларымен күреске емес, оның алдын алуға басымдық беруде екен.

«Агенттік қызметіндегі басым бағыт превенция жұмысы болып табылады. Есепті кезеңде әртүрлі салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 180-ге жуық талдау және мониторинг жүргізілді. Оларды жою бойынша 1 500-ден астам ұсыныс енгізілді. Мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында Антикор 38 млрд теңгеден астам шығындардың алдын алды», – деп хабарлады ведомство.

Алда жемқорлықпен күрес аясында жаңа тетіктер іске қосылады деп күтілуде. Мысалы, жоғары лауазымды шенеуніктер өздерінің кірістері мен мүлкі туралы декларациясын жариялауға міндеттеледі. Бұл туралы осы салаға жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті жария етті.

«Түзетулер енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының 11-бабына сәйкес, декларацияда көрсетілген мәліметтерді меморгандардың кадр қызметтері өздерінің ресми интернет-ресурстарында орналастырады. Мұндай ақпаратты жариялау 2025 жылдың 1 қаңтарынан соң басталады», – деп мәлімдеді ведомство.

Мемкірістер органының түсіндіруінше, келесі жылдың қаңтарынан бастап, «А» корпусының саяси және әкімшілік мемлекеттік лауазымдарын атқаратын тұлғалар, министрлер, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, омбудсмен, судьялар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің топ-менеджерлері мен басқару функцияларын атқаратын өзге тұлғалардың декларациялары жарияланатын болады.

Сонда сарапшылар, журналистер әр министр мен әкімнің табысы оның шығысына қаншалықты сәйкес келетінін біле алады. Бірақ сарапшылар мұның жемқорлықпен күрестің пәрменді тетігіне айналатынына сенбейді.

«Декларацияларды жұртқа жариялау науқаны 2013 жылы сол кездегі «Нұр Отанның» «Өзіңнен баста!» қоғамдық бастамасы аясында жүргізілді. Бірақ оны партияның мүшесі саналатын министрлер мен әкімдер де қолдамады. Оның үстіне декларациялар билікті жайлаған жемқорлықтың шынайы ауқымын көрсетпейді. Лауазымды тұлғалар, әкімдер мен министрлер ірі мүліктерін, компанияларын жұбайының, туыс-туғанының, тіпті үй күтушісі мен күзетшісінің атына жазады. Ал жаңарған заң тек биік мәртебелі шенділердің өз декларациясын ғана жариялауын талап етеді, туыстарына, басқасына тиіспейді. Біразының ірі активтері офшорда тіркелген», – деді экономист Марат Ерғозин.

Заңгер Жангелді Сүлейменов те декларациялардың жариялануы биліктегі жемқорларды әшкерелеуге мүмкіндік бермейтінін қаперге салған еді. Ол декларацияда сол тұлғалардың «пайдаланатын мүлкін» де көрсетуді талап ету керек деген пікір айтты. Сонда ғана мысалы, ұшақтары, шетелдегі қымбат сарайлары «қалқып, бетке шығуы» мүмкін.

Заңгердің байламынша, онсыз да құзырлы органдардың бақылауындағы шенділер өз байлығын жасыруға, үшінші тұлғалар атына тіркетуге тырысады. Өздері болса, бизнес-джеттерімен ұшып, шетелдегі қымбат виллаларға тоқтайды. Өзге де сән-салтанат объектілері мен игіліктерін емен-жарқын пайдаланады.

Жемқорлыққа жойқын соққы беруі үшін барлық шенеуніктің шығыстары бақылауға алынуға тиіс. Егер шығарған шығысы тапқан табысынан асып түссе, тегеурінді сұрау болғаны жөн. Ол ақшаның заңды шығу тегін растай алмаса, онда іс қозғалуы, лауазымынан айрылуы шарт.

Жемқорлықпен күресті күшейту аясында Антикор «Коррупционерлердің тізілімін жалпыға қолжетімді етуге» кірісті. Бұл жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалар аясында жүзеге асырылады.

«Агенттік жемқорлардың жария тізілімін енгізуді жоспарлап отыр. Тізілімде жемқорлық үшін сотталған адамның барлық деректері қамтылады. Бұл жұмыс берушілерге әлеуетті кандидаттың арының тазалығын, адалдығын тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Парламентте пара беруге уәде беруді, пара беру ұсынысын да криминализациялау мәселесі қаралуда. «Пара беру ұсынысы» дегеніміз – ауызша немесе жазбаша, оның ішінде электрондық нысанда пара беру туралы анық және түсінікті айтылған сөз. Пара беру уәдесі дегеніміз – пара берудің уақыты, орны, тәсілі туралы хабарламасы бар сөз түсінілетін болады», – деп түсіндірді Антикор.

Осы аптаның жұмасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның мүшелері депутаттармен және сарапшылармен бірге талқылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, бұл түзетулер арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы ішінара жүзеге асырылады.

Негізгі заң жобасы 6 бағытты қамтиды. Олардың қатарында жемқорлардың жария тізілім-реестрін енгізу, сондай-ақ пара алуға келісім беру, пара сұрау немесе талап ету, пара ұсынысы немесе пара беруге уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік және басқасы бар.

Дегенмен, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова ұсынылған стандарттардың тиімділігі қайта қарауды қажет ететінін жеткізді.

«Тағы да қатаңдата түскен, қудалауды күшейткен абзал. Мұндай түзетулермен өздеріңізге басыартық, ауыр жүк артасыздар. Оған ақша да, адам ресурстары да, уақыт та жетпейді. Сондықтан заң жобасын концептуалды түрде қарап, жемқорлықты азайтуға және оның алдын алуға не әсер ететінін жалпы талқылау қажет. Бұл ретте азаматтық қоғамның қатысу тетіктері қарастырылғаны жөн, олар қолданыстағы нұсқада жоқ», – деді З.Батталова.

Ол заң жобаларында іскерлік және саяси коррупцияға қатысты нормалардың жоқтығына назар аударды. Олар құжатқа алдағы жұмыс барысында қосылуға тиіс. Әйтпесе, лауазымды тұлғалар депутат, министр, тағы басқа қызметтерді атқарып жүріп, нақты бір компанияларға, мердігерлерге қамқорлық көрсетеді, солардың шашбауын көтеріп, мүддесін ілгерілетеді. Мемлекеттік қызметтен кеткен соң сол компаниядағы өзі үшін дайын креслоға қонжияды, немесе компанияның акция-үлесіне ие болады.

Алматы жоғары басқару мектебінің президенті Қанат Нұров «пара беру уәдесі» үшін қылмыстық жауапкершілікті нақтылау қажеттігін ескертті. Өйткені лауазымды тұлғалар бопсалау арқылы пара беру уәдесіне алдын ала қол жеткізуі мүмкін. Онда ары қарай ол кәсіпкер, басқа адам тергеумен ынтымақтаса алмай қалады: ол заң бойынша пара беруге уәде етіп қойғаны үшін бәрібір, басқа қылмыстық іс пен бап аясында жауапқа тартылмақ.

Қалай болғанда, жемқорлықпен күресті жандандыруға талаптар жасалуда. Одан не нәтиже шығары әзірге белгісіз.

Қатысты мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button