Азия тынысы
Дархан Сатыбалды тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
![](https://janalyq.asia/wp-content/uploads/2023/10/384551965_635705045415067_6969898464554217428_n-780x470.jpg)
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жеке қабылдау кестесіне сай тұрғындармен кездесті. Тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдады. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі түйткілдердің түйіні тарқатылды, деп хабарлайды Janalyq.Asia.kz.
Жеке қабылдауға келген тұрғындар баспанамен қамту, тұрғын үйге кезекке тұру, жер телімін бөлу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, автомобиль жолдарын жөндеу және т.б әлеуметтік мәселелерді көтерді, ұсыныстарын жеткізді. Облыс басшысы тарапынан жауапты мамандар мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
![](https://janalyq.asia/wp-content/uploads/2023/10/385431476_635705115415060_2388215922974423146_n.jpg)
Сарыағаш ауданының тұрғыны Нұржан Артыхов дәрігерлерге алғыс айту үшін келгенін айтты. Сонымен қатар І топ мүгедегі көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген кей халық қалаулыларына ризашылығын білдірді. Сарыағаштық азамат мүгедектерге арналған пандус мәселесін де көтерді. Тұрғынның өтініші негізінде тексеру жұмыстары басталатын болды.
– Мен ауруханаға түскен сайын дәрігерлердің жанкештілігіне таң қаламын. Екі аяғымнан айрылғанмын, бірнеше ота жасалған. Дәрігерлердің арқасында аман жүрмін. Сол үшін алғыс айтамын. Бүгінде көп жағдайда рахмет айтуды ұмытып жатамыз. Жақсылықты айтуға ұялатын заман болды. Соған жаным ауырады. Жатып ішер жалқауларды көз көріп жүр. Ондайға жай қарап тұра алмаймын. Айтып жүремін. Қоғамда масылдық дендеп, жалқаулық жайлап алмас үшін әрекет керек. Ал әрекетті әдетке айналдыру әркімнің өзінің қолында, – деді Сарыағаш ауданының тұрғыны Нұржан Артыхов.
Қабылдауға келген облыс тұрғыны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді халыққа қайтару мәселесін көтерді. Облыс бойынша жыл басындағы елді мекендердегі жұртшылық шаруашылығындағы шартты мал басына жайылым қажеттілігі 2122,2 мың гектарды құрады. 2023 жылға ортақ жайылым көлемін екі бағыт бойынша 1015,0 мың гектарға ұлғайту жоспары бекітіліп, аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 333,2 мың гектар жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылса, қалған 681,8 мың гектарды елді мекендердегі жайылым жүктемесінен төмендету арқылы қол жеткізу көзделген.
![](https://janalyq.asia/wp-content/uploads/2023/10/385413192_635705088748396_6540249724312966053_n.jpg)
Өңір басшысы халықтың өтініштерін мұқият тыңдап, барлық мәселе заң талаптары аясында шешілетінін атап өтті.
– Шын мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Ел Президенті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл ретте тұрғындардың әрбір өтініші ескерусіз әрі жауапсыз қалмауы тиіс. Барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты саралана отырып шешіледі. Кейбір сауалдардың шешімін бірден тапсақ, кейбірін іске асыру үшін ұзақ мерзім қажет,– деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында әрекет ету туралы нақты тапсырмалар берді. Сұрақтар жан-жақты қаралып, заңдылығына қарай шешіледі.
Облыс әкімі бүгінге дейін 100-ге жуық жеке қабылдау өткізіп, 300-ге жуық тұрғынның мәселесін тыңдады. Сондай-ақ аудандарға жұмыс сапары барысында 200-ден астам тұрғынды жеке қабылдады. Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі