Азия тынысы

Ауыл орнында пайда болатын жаңа қала Алматыдан да үлкен болады

Оның о шетінен бұл шетіне дейінгі ұзындығы 65 шақырымға созылып жатпақ.

Салыстырсақ, бүкіл қала маңын қоса алғанда, Алматының ұзындығы – 41 шақырым ғана, деп хабарлайды Janalyq.Asia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 9 қаңтарда «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, Қазақстанда жаңа қала пайда болды. Ол – «Алатау қаласы» деп аталады.

Бұған дейін, ел Үкіметінің сонау 2009 жылғы 2 қарашадағы №1740 қаулысымен жаңа шаһарды «Алматы облысының «Golden City» серкітес қаласы» деп атау бекітілген еді. Енді ескі Үкіметтің ол қаулысының күші жойылады.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР заңының 9-бабына сәйкес қаулы етемін. Біріншіден, Алматы облысының Іле ауданы одан Жетіген ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын. Екіншіден, Алматы облысының Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылсын және оның атауы Алатау қаласы болып өзгертілсін. Үшіншіден, Үкімет осы жарлықтың 1 және 2-тармақтарын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын», – деп жазылған Мемлекет басшысының жаңа жарлығында.

Осы жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен, яғни кешеден бастап қолданысқа енгізілді. Осылайша, бұған дейін Жетіген аталып келген ауыл таратылып, оның орнында Алатау қаласы бой көтереді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, Алатау – Қазақстандағы 90-шы қалаға айналады.

Нәтижесінде, республикада 17 облыс, 90 қала, соның ішінде республикалық маңыздағы 3 қала-мегаполис, 190 аудан, 29 кент, 2 177 ауылдық округ және 6 294 ауыл болады.

Бұл – тікелей Президенттің тапсырмасы болғандықтан, ел Үкіметі Алматы облысының Алатау қаласының Бас жоспары жобасын да едел-жедел әзір етті.

Жаңа қаланың құрылыс жұмыстары қазірден жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, ол ғасыр ортасына дейін салынады. Атап айтқанда,

  • бірінші кезегі – 2030 жылға дейін;
  • аралық кезеңі – 2040 жылға дейін;
  • есептік ақырғы кезеңі – 2050 жылға дейін созылады.

Сонымен, биліктің жоспары бойынша Алатау қаласы – жаңа Жібек жолы бойында орналасқан жаһандық туристік орталығы, Қазақстанның жаңа тұрпатты, экономикалық дамыған өнеркәсіптік қаласы болады.

Жаңа қалаға – болашақ заманауи мегаполиске 5 миссия жүктеледі. Оған сәйкес, Алатау:

  • Ойын-сауық және туризм орталығына;
  • Экспортқа бағытталған сауда-логистикалық орталыққа;
  • Өмір сүру үшін ең қолайлы жағдайлар жасалған әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполиске;
  • Тұрақты инфрақұрылымы бар қалаға;
  • Қолайлы инвестициялық ауданға айналуға тиіс.

«Алатау – Алматы қаласының солтүстігінде және Алматының «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығының халықаралық орталығымен байланыстыратын маңызды дәліз болып табылатын А3 «Алматы – Қонаев» автомагистралі бойында орналасқан. Ол «Жаңа Жібек жолы» бастамасының стратегиялық артықшылықтарына ие. Бұған қоса, жобаланып жатқан қала қолданыстағы және жоспарланған халықаралық маңызды теміржол, жүк пен экономикалық дәліздерді, сондай-ақ жаңадан салынатын халықаралық әуежайды қоса алғанда, бірнеше негізгі сауда-көлік магистральдарының қиылысында орын тебеді. Тиісінше, ол жаңа логистикалық және экспортқа бағытталған салалық базаны құру үшін үлкен әлеуетке ие. Бұл өңірде жұмыс орындарын құруға айтарлықтай мүмкіндіктер туғызады», – деп түсіндірді Алматы әкімдігі.

Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл аумақ әртүрлі болжамды сейсмикалық қауіптілігі бар аймаққа жатады. Мамандардың айтуынша, ауданының көп бөлігі 8 балдық сейсмикалық аймақта жатыр. Оңтүстік-шығыс бөлігі тіпті 9 балдық сейсмикалық аймаққа кіреді. Мұның бәрі қала салу кезінде ескерілсе, дұрыс.

Казино, Диснейленд, Формула-1, Инноорталық, тағы не болады?

Алатау қаласының ауданы 4 орталыққа бөлінеді. Біріншісі – қаржы және іскерлік орталығы; екіншісі – білім, ғылым және тамақ өнеркәсібі орталығы; үшіншісі – өнеркәсіптік және логистикалық орталық; төртіншісі – туристік және ойын-сауық орталығы.

Соның ішінде бірінші орталықта қаржы орталықтарын салуға 85 000 шаршы метр, іскерлік ауданға – 3 638 849, қонақүйлерге – 136 399, сауда орталықтарына – 500 мыңдай, спорт кешеніне – 200 шаршы метр жер бөлінеді.

Екінші орталықта тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның негізгі ғылыми, білім беру хабын құру жоспарланған. Ондағы университеттер мен колледждерде оқитын студенттер саны 40 мыңға дейін жеткізіледі.

«Бұл ауданда заманауи ғылыми және медициналық мекемелердің ашылуы ауруларды диагностикалау және емдеу бойынша қызметтер көрсетуге ғана емес, әлемдік медициналық орталықтармен ынтымақтастық арқылы отандық медицинаның дамуына үлес қосады. 927 және 937 төсектік 2 көпсалалы клиниканы орналастыру ұсынылады», – делінген жаңа қаланың Бас жоспарында.

Яғни, академиялық қалашық пен медициналық кластер дамуға тиіс.

Үкімет бұл қалада IT саласындағы компаниялардың орналасуын ынталандырады және инноорталық ашылады.

Сонымен қатар креативтік секторды дамытуға жағдай жасалады: киностудиялар, музыка, блогинг, театрлар және басқа да шығармашылық кәсіптер саласында қызмет жүргізу үшін қажетті инфрақұрылым тұрғызу арқасында таланттарды тарту нүктесіне айналдырылмақ.

Алатау қаласына көп жер берілетін болады. Сондықтан оның айналасында агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды дамытуға бөлінеді. Өңірді су ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі жағымсыз болжамдарға байланысты энергия мен ылғал үнемдейтін технологияларды пайдаланатын жобалар басым болады. Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін компаниялар, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, аграрлық бейіндегі ғылыми-зерттеу ұйымдары мен оқу орындары, аграрлық секторды дамыту институттары шоғырландырылады. Осылайша, агроөнеркәсіптік кешенде кластерлік құрылымдардың қалыптасуына қозғау салынады.

Академиялық қалашыққа – 3 500 000 ш.м., Агроөңдеу және логистикалық торапқа – 1 617 000, Инновация орталығына – 150 000 шаршы метр жер бөлінеді.

Қалада, мешіт, шіркеу, синагога сияқты діни объектілер, алып ипподром тұрғызылмақ.

Ең бастысы, Алатау қаласы – казинолар қаласы ретінде дамытылады.

«Алатау қаласы – курорт кешені – Казино. Ойын қызметі оның қызметінің негізгі бағыттарының біріне айналуға тиіс. Индустрияны қазақстандық Лас-Вегас ретінде танымал бүкіл жолаққа шашыраңқы орналасқан шағын және орта казинолар арқылы жаңадан бой көтерген индустрия деп сипаттауға болады. Қазақстан аймақтың орталығында орналасқандықтан және елге ұшақпен 5 сағатта ұшып жететін аумақта шамамен 2 миллиард әлеуетті қонақ тұратындықтан, ол 15-тен астам елден туристерді тарта алады. Қала әлеуетті туристерге әлемдік деңгейдегі құмар ойындар мен ойын-сауық үшін орын ұсынудың тамаша мүмкіндігіне ие», – деп жазылған Бас жоспар жобасында.

Алатауда Қазақстанның төл «Диснейлендін» ашу пысықталуда. Еліміздегі және аймақты халықтың барлық топтарына арналған әмбебап кешенді, «кең мақсатты аудиторияға, соның ішінде шетелдік туристерге тартымды ету үшін тақырыптық ойын-сауық саябағын» құру жоспарланған.

Алатаудың беткеұстар бір жобасы, «фишкасы» – «Формула-1» автожарыстар тасжолы болады. Ол трасса Халықаралық автомобиль федерациясының (FIA) бекіткен талап, қағидаларына сәйкес келмек.

«Алатау қаласының зәкірлік және негізгі туристік орындарының біріне айналатын F1 жарыс трассасын салу жоспарланып отыр. F1 жарыс трассасы жылына бірнеше жарыс іс-шараларын, сондай-ақ жақын аренадағы басқа іс-шаралар мен концерттерді өткізе алады. Жарыс іс-шаралары аясында әдетте көптеген кішігірім іс-шаралар қамтылады және 2–3 күнге созылады», – деп мәлім етті әкімдік.

Сарапшылар бұл жоспарларға қайран қала қарауда. Олардың пікірінше, егер бұрынғы билік Астананы тақырдан тұрғызғанымен мақтанса, жаңа Қазақстан ауыл орнына Алатау мегаполисін салғызғанын мақтан тұтуы мүмкін.

Қоғам белсендісі, экономист Наталья Лисовая бұл жобаға қатысты күмәні барын жасырмады.

«Жоба утопияға көбірек ұқсайды. Оған орасан зор территория бөлінеді. Алатаудың аумағы 88 мың гектарды құрамақ. Салыстырсақ, ең ірі мегаполисіміз – Алматының аумағы 68 мың гектар ғана. Жаңа қаланың бір шетінен екіншісіне дейінгі ұзындығы шамамен 65 шақырымға барады екен. Ал Алматының өзі 41 шақырым ғана. Алатауда 2040 жылға дейін 960 мың адам қоныстанады деп болжанған. Осынша ғана адам үшін ұлан-ғайыр ауданда коммуникациялар, су, электр, газ, жылу, байланыс желілері тартылып, жасылдандырылады. Алып спорт кешендері бой көтермек. Бұл өзін ақтай ма? Мұның бәрі ғаламат ауқымда инвестицияларды қажет етеді. Оның қайтарымы қалай болатыны нақтыланбаған», – деді сарапшы.

Алатау қаласының Бас жоспарында «жобаланатын қаланың аумағында жалпы ауданы 88 мың гектар жерде 12 елді мекен орналасқаны» айтылған. Бұлар: Алматы облысының Талғар ауданының 2 елді мекені – Дәулет және Қайрат ауылы, Іле ауданының 8 елді мекені – Жетіген, Еңбек, Жаңаарна, Құйған, Жаңадәуір, Жаңаталап, Ынтымақ, Қоянқұс. Сондай-ақ Қонаев қалалық әкімшілігіне кірген Заречное және Арна ауылы да Алатауға берілмек.

Оның бәрін инфрақұрылыммен қамту күрделі шаруа болатыны байқалады. Мысалға, Алматы қаласының жанындағы Қоянқұс ауылында үнемі жарық өшіп қала береді. Электр сымдары көнерген ағаш бағаналармен тартылған. Жылу, су беруде үнемі іркіліс болады. Жазда су беру доғарылған кездер кездескен. Ауыл кеш түсе қараңғылық құшағына енеді. Көп жерде асфальт жоқтың қасы, көктем-күзде қоянқұстықтар тізеден балшық кешіп жүргені. Интернет тым шабан.

Бұл – тек бір ауылдың проблемасы. Қалған 11-інің де шаруасы шалқып тұрғаны шамалы. Ендеше жаңа қаланың әкімдігіне бұрыннан қордаланған проблемаларды және жаңадан қойылған ірі міндет-миссияларды орындау бойынша алапат ауыртпалық түсетін түрі бар.

Қатысты мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button