Орталық Азия

2027 жылға дейін әлемде жұмыс орындарының 23%-ы құрылымдық өзгеріске ұшырайды

2027 жылға дейін әлемде 83 млн жұмыс орны жойылуы мүмкін. Оның орнына бар болғаны 69 млн жұмыс орнын ашу жоспарланған. 14 млн адам жұмыссыз қалуы ықтимал. Бұл цифрлар Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) «Жұмыс орындарының болашағы» атты есептік баяндамасында келтірілген. Соған сәйкес болашақта жұмыс орындарының 23%-ы құрылымдық өзгеріске ұшырайды. Мұндай өзгерістердің басты себептері – экологиялық, технологиялық және экономикалық үрдістер, – дейді қаржы мамандары. Солардың ішінде басымдық берілген бағыт – технология, деп хабарлайды Janalyq.Asia.kz.

Компаниялардың 86%-дан астамы алдағы 5 жылда өздерінің тиімділігін арттыру үшін әртүрлі технологияларды енгізуді және оларды белсенді түрде пайдалануды жоспарлауда. Бұл ретте қолға алынатын негізгі бағыттар – цифрлық платформалар мен қосымшалар, білім беру технологиясы және еңбек ресурстарын дамыту, сондай-ақ ірі деректерді талдау.

«ДЭФ сауалнамасына қатысқан компаниялардың шамамен 75%-ы 2027 жылға қарай жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отыр. Дегенмен компаниялардың тек жартысы ғана жақын болашақта роботтарды, энергия жинақтау технологияларын, электрлік және автономдық көлік құралдарын пайдалануға қызығушылық танытуда. Өйткені бұл технологиялар әлі де ірі инвестицияны талап етеді және экономиканың барлық салаларына сәйкес келе бермейді», – дейді аталмыш баяндамаға талдау жүргізген Jusan Analytics зерттеу орталығының аға талдаушысы Александра Молчановская. Оның айтуынша соңғы жылдары  Қазақстанның бизнесі де технологияларды енгізуге көп көңіл бөле бастаған. Соңғы 4 жылда цифрлық технологияларды пайдаланатын ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындардың үлес салмағы 2.7 есеге өсті. Бірақ бұл әлі де аз. Мысалы, 2022 жылы олардың алар үлесі 12.9%-ды құрады. Қазақстанда компаниялардың тек 8.8%-ы ғана бұлттық IT-қызметті пайдаланады. Ал соңғы  4 жылда олардың үлесі 4%-ға қысқарып кеткен.

ДЭФ сауалдарына жауап берген компаниялардың жартысынан астамы технологиялық прогресстің арқасында жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті екендіктерін білдірген. Бұл ретте қызметкерлерге деген сұранысты тудыратын негізгі факторлар – үлкен деректерді талдау, климатты және қоршаған ортаны басқару технологиясы, сондай-ақ шифрлеу және киберқауіпсіздік.

«Алдағы 5 жылда компаниялардың 80%-ға жуығы ESG (экология, әлеуметтік саясат және корпоративтік басқару) стандарттарын енгізуге, «жасыл» технологияларға өтуге және климаттың өзгеруіне инвестиция жұмсауды жоспарлауда. Бұл «жасыл» жұмыс орындарына деген сұранысты арттыра түседі. Жалпы бүкіл әлем елдері біртіндеп 2030 жылға қарай эко-экономикаға өтетін болса, таза қуат көздері, энергия тиімділігін арттыру және қалдық шығару деңгейі төмен технологиялар саласында жаңа 30 млн жұмыс орнын ашуға септігін тигізуі мүмкін», – дейді Jusan Analytics аға талдаушысы.

ДЭФ-тің бизнесті автоматтандыру дәрежесі бойынша жаңа болжамына сәйкес  2027 жылға қарай барлық бизнес-міндеттердің 43%-ға жуығын машиналар орындайтын болады. Бұл ретте когнитивтік және әлеуметтік дағдыларды талап ететін жұмыстарды автоматтандыру мүмкіндігі төмен. Өйткені олар ойлауды және шешім қабылдауды талап ететін салалар. Сондықтан бұл салалардағы атқарылатын міндеттердің тек 35%-ы ғана автоматтандырылады. Ал жалпы автоматтандырылатын бүкіл жұмыстардың 65%-ы ақпараттар мен деректерді өңдеу сааларын қамтиды.

Алдағы бесжылдықта технология және цифрландыруға қатысты мамандықтарға сұраныс өседі. Бірінші кезекте жасанды интеллект және машиналық оқыту бойынша мамандар. Оларға деген сұраныс 40%-ға немесе 1 млн жұмыс орнына көбейеді. Мысалы, қазірдің өзінде LinkedIn платформасында соңғы жылы GPT атауы көрсетілген бос қызмет орындарының саны 50%-ға артқан.

«Жасыл» экономикаға өту үрдісінің арқасында тез дамып жатқан мамандықтар ішінде тұрақты даму бойынша мамандар екінші орынға ие. Сонымен қатар жаңғырмалы қуат көздері саласындағы инженерлерге, күн энергиясы жүйесін орнату және оған қызмет көрсету бойынша мамандарға да сұраныс артады деп күтілуде. Big Data-ның танымалдығының артуына байланысты компаниялар деректер саласындағы мамандардың, атап айтсақ: дата-талдаушылар, дата-сайентистер, бизнес-талдаушылар, деректер базасы мен желілер бойынша мамандар және дата-инженерлердің санын 30-35%-ға арттырулары керек болады, – дейді А. Молчановская.

ДЭФ-тің баяндамасына сәйкес киберқылмыс пен цифрлық қауіпсіздік аса маңызды ғаламдық тәуекелдердің бірі. Алайда қазіргі уақытта әлемде киберқауіпсіздік бойынша 3 млн маман жетіспей тұр. Сондықтан 2027 жылға қарай осы саладағы талдаушыларға деген сұраныс 31%-ға немесе 200 мың адамға артады деп күтілуде.

Күнделікті қайталанатын, жалықтырып жіберетін жұмыстарға қатысты мамандықтар жойылуы мүмкін. Мысалы, оларға кеңселік, хатшылық лауазымдар, кассирлер, пошталық қызметкерлер және деректерді енгізуші операторлар жатады.

Технологиялардың қарыштап дамуы қызметкерлерден жетік білім мен дағдыларды талап ететіні белгілі. Мысалы, 2023 жылы сұранысқа ие 10 дағдының 9-ы когнитивті қабілеттерге, өзіндік тиімділікке, командада жұмыс істей білу және ұжымды жұмысқа жұмылдыра білу қабілеттеріне байланысты болды.

«Жұмыс берушілердің 60%-дан астамының пікірінше талдамдық ойлау қабілеті – заманауи еңбек нарығында басты дағды болып саналады және жақын жылдары қызметкерлерді қайта даярлауда басымдыққа ие болады. Өйткені мұндай дағды ақпаратты құрылымдап талдауға, оны құрамдас бөліктерге бөліп, өзара байланысын зерттеуге, соның нәтижесінде ақылға қонымды тұжырым жасап, дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді аға талдаушы. Оның айтуынша тағы бір маңызды когнитивті дағды – шығармашылық тұрғыда ойлау. Одан басқа, тұрақтылық, икемділік, ынта-жігер, өзіндік сана-сезім, сондай-ақ білімқұмарлық пен еңбекқорлық та маңызды қасиеттер болып саналады.

Цифрлық технологиялар саласындағы мамандарға деген сұраныстың артуына қарамастан, 2023 жылы ең маңызды 20 дағдының тек 4-еуі ғана цифрлық технологияларға байланысты болған. Соған қарамастан, бұл дағдылар қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша корпоративтік стратегияда белсенді түрде ескеріледі.

Сауалнамаға қатысқан жұмыс берушілердің пікірінше алдағы 5 жылда жұмыскерлердің негізгі дағдыларының 44%-ы ескіреді, ал Орталық Азия елдерінде бұл сан 47%-ды құрайды. Осыған байланысты 10 қызметкердің алтауы оқыту курстарынан өтуге мәжбүр болады. Осы ретте Орталық Азия елдерінде кәсіпорындар алдағы 5 жылда талдамдық ой, жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау, жасампаздық, көшбасшылық  және әлеуметтік ықпал ету, сондай-ақ білімқұмарлық және білім алуға бейімділік секілді дағдылар бойынша өз қызметкерлерін оқытуға күш салатын болады.

«Бүгінде компаниялар жұмыс бойынша әлеуетті үміткерлерді тек дипломы мен мамандығы бойынша ғана емес, нақты дағдылары бойынша да бағалайтын болған. ДЭФ деректері бойынша жұмыс берушілердің 47%-ы үміткерлерді іріктеу барысында олардың дағдыларына, ал 45%-ы әлі де дипломының бар екендігіне мән береді. Бұл ретте компаниялардың 20%-ы үміткердің қысқа мерзімді курстардан өткендігіне және онлайн-сертификаттарының бар болуына баса назар аударады. Бұл еңбек нарығының талаптарынан артта қалмас үшін өмір бойы үздіксіз білім алып, біліктілікті арттыру қажеттігін білдіреді», – дейді Александра Молчановская. Оның айтуынша компаниялардың көпшілігі бизнестің тиімділігін арттыру үшін өз кадрларын қайта дайындауға инвестиция жұмсауға дайын.

Қазақстанда бейресми білім алу бойынша статистика жоқ. Алайда қолда бар ақпараттарға сүйенсек, жұмыспен қамтылған азаматтардың тек 5%-ы ғана өздерінің біліктілігін жыл сайын көтереді. Мысалы, Жаңа Зеландияда 2019 жылы жұмыскерлердің 63%-ы бейресми білім алу курстарынан өтсе, Аустралияда бұл көрсеткіш 2021 жылы 32%-ды құрады.

Бірақ Қазақстанда компаниялардың аздаған бөлігі ғана өз кадрларын қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға қаржы бөледі.
ҚР СЖРА ҰСБ деректері бойынша 2022 жылы жалдамалы жұмыскерлердің 14%-ы ғана жұмыс берушінің есебінен оқытылған. Ал соңғы 5 жыл ішінде олардың саны 8%-ға қысқарды. Сондай-ақ Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерімен салыстырғанда кәсіби оқытуға қатысатын жұмыскерлерінің үлесіне қатысты көрсеткіші төмен – бар болғаны 23%. Ал ЭЫДҰ бойынша орта есеппен – 53%.

«ДЭФ деректері бойынша компаниялардың 60%-ы дағдыға қатысты олқылықтарды бизнесті дамытуда негізгі кедергілердің бірі деп санайды. Біліктілікті арттыру курсынан негізінен ірі және орта дәрежедегі компаниялардың жұмыскерлері өтеді. Бұл барлық елдерде тән жағдай. Ал шағын және орта бизнес субъектілері қаражаттың шектеулігіне байланысты жұмыскерлердің біліктілігін арттыруға аса көп көңіл бөле бермейді. Алайда атап өту керек, қызметкерлердің дағдыларын дамытуға инвестиция жұмсау бизнеске оң әсерін тигізері анық. Өйткені өнімділік пен табыстылық арта түседі, дарынды қызметкерлер кетіп қалмайды және кадрлардың тұрақтамауы төмендейді», – деді сөз соңында қаржы маманы.

Айта кетелік, ДЭФ зерттеуі ірі жұмыс берушілер арасында жүргізілген сауалнамаға және олардың бизнесті, мамандықтарды және дағдыларды дамытуға қатысты болжамдарына негізделді. Сауалнамаға әлемнің барлық аймақтарын қамтитын 45 экономиканы және 27 салалық кластерді қамтитын, 11.3 миллионнан астам адам жұмыс істейтін 803 компания қатысты.

 

Болашақтағы жұмыс орындарына қатысты зерттеу жұмысымен мына сілтеме бойынша толыққанды танысып шығуға болады:

https://jusan.kz/analytics/kk/research/kak-ne-ostat-sya-bez-raboty-chto-nuzhno-znat-o-buduschem-rynke-truda

 

Қатысты мақалалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button