Орталық Азия

Жас ғалымдардың жазғы археологиялық мектебі өтті

Алматы облысы, Кеген ауданы Қарқара археологиялық кешенінде «Археологиядағы пәнаралық зерттеулер» тақырыбында жас ғалымдардың Халықаралық далалық жазғы мектебі өтті.
Жазғы мектеп 25 маусым мен 5 шілде аралығында «Көне және ортағасырлық Алматы: археологиялық мұраны зерттеу және сақтау» ҚР ҒЖБМ ҒК Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жазғы мектептің жұмысына Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлері мен зертханашылары (Алматы), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері мен магистранттары (Астана), Академик Б. Ғафуров атындағы Ходжант мемлекеттік университетінің (Ходжанд, Тәжікстан), Беларусь мемлекетінің Ұлттық ғылым академиясының Тарих институтының (Минск) және Қырғыз Республикасының Ұлттық музейінің (Бішкек) ғылыми қызметкерлері мен оқытушылары қатысты.
Далалық мектептің жұмысы екі бағыт бойынша өрбіді. Бірінші бағыт бойынша қатысушылар Кеген жазығының археологиялық ескерткіштерімен танысты. Олар Ақтасты шатқалындағы Үйсіндердің қонысындағы қазба жұмыстарымен, Шәлкөде жайлауындағы көне түркілердің қаған типтес ескерткіштерімен, сондай-ақ, Солтүстік Тянь-Шань өңірін мекендеген ежелгі және ортағасырлық көшпелілердің материалдық және рухани мәдениетімен танысты.
Мектептің екінші бағыты пәнаралық зерттеу әдістерін археологиялық зерттеулерде пайдаланудың маңыздылығына арналған арнайы дәрістер мен практикалық сабақтардан тұрды. Дәрістер үш блокқа бөлінді. Бірінші блок далалық жағдайдаларда археологиялық ескерткіштерді тіркеудің заманауи сандық әдістері, ескерткіштердің 3D және сандық моделдерін жасау, қашықтан зондтау мен картографиялық мәліметтер базасын саралау сияқты бағыттардан тұрды. Екінші блокта тыңдаушылар антропологиялық материалдармен жұмыс жасау дағдыларын дамытты. Бұл жерде олар қаңқа сүйектерінің жыныстық және жас ерекшеліктерін анықтауды, далалық жағдайды антропологиялық материалдарды сипаттауды үйренді. Үшінші блокта тыңдаушылар зооархеологиялық зерттеу әдістерімен танысып, археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған жануар сүйектерінің түрін, жасын және сойылу уақытын анықтауды үйренді.
Жазғы мектептің лекторлары Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология инситутының ғылыми қызметкерлері болды: Рамазан Жанұзақ (физикалық антропология), Мәмбет Шағырбаев (зооархеология), Ғалымжан Қиясбек және Қалибек Асылбеков (геоархеология). Лекторлар далалық зерттеулер бойынша өз тәжірбиелерімен бөлісіп, далалық жағдайда археологиялық зерттеу жүргізудің негіздері және әдістері бойынша интенсивті оқыту жүргізді.
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты ұйымдастырып отырған далалық жазғы мектептері жас мамандарға археологиялық ескерткіштерді кешенде зерттеу ісінде заманауи зерттеу әдістерін үйретуге бағытталған ғылыми-білім беру бағытындағы курстарды ұйымдастыру ісіндегі дәстүрлі алаңға айналуда.
Қатысушылар мектептің ғылыми және практикалық маңыздылығы жоғары екендігін атап өтіп, жобаның дамуына тілектестік білдіріп, мектептің тұрақты түрде қызмет жасайтын ғылыми-білім беру курсына айналуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Қатысты мақалалар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button