Орталық Азия

Абай университетінің ректоры Президент Жолдауы мен университеттің даму басымдықтарын талқылады

2024 жылдың 4 қыркүйегінде Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп университеттің факультет декандарымен және кафедра меңгерушілерімен ашық диалог форматында кездесу өткізді.

Кездесудің мақсаты — кафедралардың жаңа оқу жылына дайындығына қатысты өзекті мәселелерді талқылау, сонымен қатар университет дамуының негізгі бағыттары бойынша пікір алмасу болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған білім беру жүйесін реформалауға, адами капиталды дамытуға және кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған бастамаларына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында ректор Болат Тілеп қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, биыл университет өзінің академиялық және халықаралық саладағы мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейткенін атап өтті. Атап айтқанда, Астана қаласында жаңа «Білім беру» факультеті, Францияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Лотарингия университетінің филиалы ашылып, арнайы гранттар бөлінді. Интернационалдандыру бойынша жұмысты күшейту мақсатында Foundation факультеті ашылып, онда білім алушыларды қабылдау жүргізіліп жатқандығы айтылды. Ол сондай-ақ студенттердің сұранысын ескере отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартуды, оларды жаңа педагогикалық модельге бейімдеуді, қолданыстағы бағдарламаларға практикалық талдау жүргізуді және инновациялық бағдарламалардың үлесін 30% — ға дейін арттыруды тапсырды.

«Биыл оқу орнымыз 6000-нан астам студентті қабылдап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл талапкерлер бізге сапалы білім іздеп келді. Біз олардың үміттерін ақтай аламыз ба? Бұл мәселелер біздің мұқият назарымызды қажет етеді. Кафедралар біздің оқу орнымыздың академиялық мазмұнын қалыптастырып, оның ғылыми әлеуетін дамытуда шешуші рөл атқаратындықтан, баршаңызды осы міндеттерге толық жауапкершілікпен қарауға шақырамын», — деді ректор.

Кездесуде жоғары білікті педагогикалық кадрларды даярлау және білім сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Білім беру бағдарламаларын мектеп стандарттарына бейімдеу және олардың мектеп бағдарламасымен сабақтастығын нығайту мәселелері талқыланып, студенттердің құқықтық, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру, педагогикалық зерттеулер саласында ғылыми жобаларды және жаңа оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу мәселелері қарастырылды. Талқылаудың басым бағыттарының бірі болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға және оқу, ғылыми-әдістемелік жұмысты күшейтуге бағытталып, инновациялық білім беру бағдарламаларын кеңейту болды. Сондай-ақ, кафедра меңгерушілерінің басқарушылық және академиялық құзыреттілігін арттыру мәселелері де көтеріліп, олардың көшбасшылық дағдыларын нығайту және оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша ұсыныстар берілді.

Жиында факультеттер мен кафедралардың басшылары сөз сөйлеп, атқарған жұмыстарының нәтижелерімен, қол жеткізген ұжымдық жетістіктерімен және стратегиялық даму жоспарларымен таныстырып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Кездесу соңында ректор факультеттер мен кафедралардың ұсыныс-пікірлері ескерілгенін айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ол ашық диалог форматындағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Қатысты мақалалар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button