Орталық Азия

Абай университетінде АЭС құрылысына қатысты өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ-да атом электр станциясының (АЭС) құрылысы бойынша қалалық Халықтық штаб өкілдері университет ұжымымен кездесті. Мақсаты – Қазақстандағы атом электр станция құрылысының жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Кездесуге «Аманат» партиясы Медеу аудандық филиалының төрағасы Азат Ажиманов, АЭС құрылысы бойынша қалалық  Халықтық штабының төрағасы, Абай университетінің ректоры Болат Тілеп, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, «Байтақ» партиясы АҚФ төрағасы Асқар Иманалиев, Ядролық физика институтының бөлім басшысы Тимур Жолдыбаев, сонымен қатар университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Болат Тілеп сөз кезегінде ел болашағы үшін атом электр станциясын салудың стратегиялық маңыздылығын, экологиялық қауіпсіздігін және экономикалық тиімділігін атап өтті. Ол бұл мәселе қоғам арасында, ғылыми және зиялы ортада кеңінен талқылауды қажет ететінін атап өтті. Сондай-ақ АЭС құрылысы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға, ғылыми зерттеулерді дамытуға, экономиканың түрлі секторларында жаңа технологияларды енгізуге ықпал ететіні айтылды.

«Қазақстан саяси тәуелсіз мемлекет болғанымен, экономикалық тұрақтылықты сақтау, экологиялық қауіпсіздік пен энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету еліміздің тұрақты дамуының негізгі факторлары болып қала береді», — деді Болат Тілеп.

Кездесу барысында штаб өкілдері АЭС құрылысының ағымдағы жоспары мен жүзеге асыру кезеңдері туралы егжей-тегжейлі баяндап, оның еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтудағы маңыздылығына тоқталды. Талқылау барысында экологиялық және әлеуметтік аспектілер, АЭС құрылысы бойынша жалпыұлттық референдум мәселелері, оның артықшылықтары, жұмыс принциптері және қоршаған ортаға және жалпы қоғамға әсері қозғалды.

Іс-шара соңында қатысушылар аталған тақырып бойынша сұрақтар қойып, оларға толық жауаптар алды.

Қатысты мақалалар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button